көркем сурет мектебі
Көркем сурет балалар мектебінің тарихы
15.03.2026 629 0 admin

Көркем сурет балалар мектебінің тарихы

Мектеп тарихы
Көркем сурет балалар мектебінің алғашқы директоры Абдюков Марат Михайлович
(1987-2025 жылдар аралығы)

Балалар көркемсурет мектебі 1987 жылы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында құрылған. Бұл – бастапқы көркем сурет бағытында білім беретін арнайы оқу орны.

Өзінің даму жылдары ішінде мектеп өзіндік дәстүрін қалыптастырып, педагогикалық тәжірибе жинақтап, ауданның эстетикалық және мәдени тәрбиесінің әдістемелік орталықтарының біріне айналды. Осы уақыт аралығында мектеп қабырғасынан 350 - ден астам түлек түлеп ұшып, олардың көпшілігі Қазақстанның үздік жоғары оқу орындары мен арнайы көркем білім беру мекемелерінде білімдерін сәтті жалғастыруда. Бүгінде олардың арасында дизайнерлер, сәулетшілер және суретшілер және мұғалімдер бар.

Мектептің қалыптасуы мен танылуына бағытталған қажырлы еңбек өз нәтижесін беріп, бүгінгі күні нақты жемісін көрсетуде. Жыл сайын мектеп аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер мен байқауларға қатысып, көптеген дипломдар мен алғыс хаттарға ие болып келеді.

Балалар көркемсурет мектебінде білім алған оқушылар суретшілер мен педагогтардың бірнеше буыны жинақтаған білімін меңгеріп, бейнелеу өнері әлемін таниды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының көркем сурет бөлімдеріне түсуге дайындалып, шығармашылық дағдыларын дамытып, байқаулар мен көрмелерге қатысу тәжірибесін жинақтайды.

Заман талабына сай дамып, болашаққа бағыт - бағдар айқындай отырып, мектеп өз қызметінің бағыттарын үнемі кеңейтіп келеді. Жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, заманауи оқыту әдістері қолданылуда. Мектеп ағартушылық қызметті белсенді жүргізіп, жас ұрпақтың эстетикалық дамуына ықпал етеді, сондай - ақ ауыл тұрғындарын жас суретшілердің шығармашылығымен таныстырып, көрмелер ұйымдастырады.

Мектепте өз ісіне берілген, жоғары және арнаулы орта білімді білікті мамандар қызмет етеді. Олар – шығармашылық тұлғалар, заманауи білім беру технологияларын меңгерген ұстаздар. Педагогтар тек білім беріп қана қоймай, көркем - эстетикалық тәрбие беру міндеттерін жүзеге асырып, әр оқушыға жеке көзқарас таба біледі. Жыл сайын мектеп мұғалімдері аудан оқушылары мен ұстаздарына арналған ашық сабақтар өткізеді.

Мектептің қалыптасуына зор үлес қосқан ұстаздар қатарында: Абдюков М.М., Гекк Н. В., Ледергос И. И., Тян Б. В. сондай - ақ мектептің негізін қалаған педагогтар – Турапбаева А. Т., Ерханова А. К., Дильдакулов А. К. бар. Қазіргі таңда мектептің дамуына үлес қосып жүрген ұстаздар: Маханбаев А. Ж., Бердали Қ. Е., Нургабылова К. М., Сарсенбиев М. Е., Айтбеков А. Ж., Джолдасбекова М. М., Сагынбеков Б. Н., Балтабаева Э. М. Олардың ішінде мектеп түлектері де бар: педагог-зерттеуші Бердали Қ. Е., педагог-сарапшы Джолдасбекова М. М., сондай - ақ жас мамандар Сагынбеков Б. Н. мен Балтабаева Э. М.

Ұстаздардың еңбегі оқушылардың жетістіктерінен көрініс табады. Олардың жұмыстары халықаралық, республикалық және облыстық көрмелерде жүлделі орындарға ие болып келеді. Мектеп жарқын әрі мазмұнды шығармашылық өмір сүруде. Отыз жылдан астам тарихы оның маңыздылығы мен сұранысқа ие екенін дәлелдейді.

Балалар көркемсурет мектебінде жұмыс жасайтын барлық ұстаздарды жетістіктерімен, дарынды оқушыларымен, мақтан тұтар түлектерімен шын жүректен құттықтаймыз! Мектеп ұжымына және тәрбиеленушілеріне шығармашылық шабыт, жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!
Мектеп тарихынан бір сәт Мектеп тарихынан бір сәт
Көркем сурет балалар мектебінің түлектері 2006 жыл, дипломдық жұмыстарымен
Мектеп тарихынан бір кезең Мектеп тарихынан бір кезең
Көркем сурет балалар мектебінің бітіруші түлектерінің жұмыстары, фотода мектеп ұжымы және директоры
Мектеп тарихынан бір сәттер Мектеп тарихынан бір сәттер
Көркем сурет балалар мектебінің 1990 жылғы бір топ түлектері, ортада мектеп директоры Абдюков Марат Михайлович
Мектеп тарихы сыр шертеді Мектеп тарихы сыр шертеді
Көркем сурет балалар мектебінің алғашқы түлектері 1989 жыл
Көркем сурет балалар мектебінің тарихынан Көркем сурет балалар мектебінің тарихынан
Көркем сурет балалар мектебінің оқушылары академиялық сурет сабағында, сурет салумен айналысуда. Кеңес үкіметі кезеңі.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Пікір білдіру
код көрінбесе қайта басыңыз